Ел фермерлеріне 100 миллиард теңге жоғалту қаупі төнді

"Атамекен" ҰКП 2026 жылдан бастап ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушыларына ҚҚС қайтару сомасын 80%-ға төмендетуге қатысты пікірін айтты.  

Ел фермерлеріне 100 миллиард теңге жоғалту қаупі төнді Фото: eldala.kz

Олар жаңа Салық кодексінде көзделген бұл жаңалықтың көңіл көншітпейтініне наразы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Баға белгілеудің қалыптасқан нарықтық құрылымын ескере отырып, көрсетілген салық жүктемесі сыртқы сатып алушыға толық көлемде ауыстырыла алмайды. Сыртқы нарықтардағы жоғары бәсекелестік жағдайында бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден сатып алу бағасын төмендету арқылы оны ішкі нарыққа көшіруге әкеп соғады, – делінген Палата хабарламасында.

Бұрын төленген кіріс ҚҚС-тың 20%-ын ғана алатын экспорттаушы ауылшаруашылық өнімдерін сатып алу бағасын төмендету арқылы туындаған шығындарды өтеуге мәжбүр болады. Нәтижесінде негізгі қаржылық жүктеме іс жүзінде фермерлерге жүктеледі.

– Осылайша, ҚҚС бойынша жеңілдік түріндегі мемлекеттік қолдау шарасы (-80%) негізінен бейтараптандырылады, өйткені сатып алу бағасының төмендеуі ұсынылған преференцияның экономикалық әсерін барынша азайтады, – деп ескертеді Кәсіпкерлер палатасы.

"Атамекен" ҰКП сарапшылары негізгі экспорттық дақылдарға (дәнді дақылдар, майлы дақылдар, бұршақ дақылдары) бағаның төмендеуінен фермерлердің шығындары 85-тен 110 млрд теңгеге дейін болуы мүмкін деп есептеді. Ең көп шығын жұмсақ бидайда – 61 млрд теңгеден астам.

– Табыстың әлеуетті төмендеуі – тәуекелдің маңызды факторы және шаруашылықтардың қаржылық тұрақтылығының нашарлауына, борыштық жүктеменің өсуіне, инвестициялық белсенділіктің қысқаруына, өндіріс көлемінің төмендеуіне және ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына теріс әсерге әкелуі мүмкін, – деп толықтырды Кәсіпкерлер палатасы.

Мәселені шешу үшін Кәсіпкерлер палатасы көрсетілген норманы жаңа Салық кодексінен мүлдем алып тастауды және ҚҚС-ты экспорттаушыларға толық көлемде қайтаруды немесе ҚҚС-тың 60% кепілдендірілген қайтару бөлігінде ҚР Салық кодексінің 484-бабы 5-тармағының 2-тармағына өзгерістер енгізуді және қалған 40% ҚҚС-ты КТС бойынша шегерімдерге жатқызуды ұсынып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу