Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысының жеңімпаздарын марапаттады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Президент қазір еліміз ауқымды өзгерістердің шешуші кезеңіне қадам басқанына назар аударып, 15 наурызда азаматтарымыз жалпыхалықтық референдумда Конституцияға қатысты өз таңдауын жасайтынын еске салды.
"Бұл – ел тағдырына тікелей әсер ететін аса маңызды шешім болмақ. Басты құжаттың жобасында егемендігімізді және мемлекеттігімізді нығайтатын мызғымас рухани және құқықтық құндылықтар бекітілді. Қазақстан Республикасының аумақтық, яғни жерінің тұтастығы, егемендігі, тәуелсіздігі, адам мен оның өмірі, барлық азаматтардың құқықтары және бостандықтары ең жоғары құндылықтар ретінде жарияланды. Жауапты әрі жасампаз отаншылдық ұғымы айқындалды. Әділетті Қазақстан идеясы, Заң және тәртіп қағидаты жаңа Конституция жобасында лайықты орнын тапты", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, мұның бәрін іс жүзінде орнықтыру – баршаға ортақ перзенттік парыз.
"Түптеп келгенде, жаңа Ата Заңымыз еліміздің одан әрі дамуына және өркен жаюына жол ашуы керек. Ал күштік құрылымдар мен арнайы жасақтар ел тәуелсіздігі және халық тұтастығының тірегі болуға тиіс. Себебі алдымызда тұрған мақсат– біреу. Бұл – келер ұрпаққа қуатты әрі озық мемлекетті аманат ету. Бәріміз бір ел болып осы тарихи миссияны міндетті түрде іске асырамыз. Ел қорғау – ең абыройлы міндет. Нағыз отаншыл, адал азаматтар ғана осы жолды таңдайды. Сіздер келешекте де ұлт мүддесіне мінсіз қызмет ете бересіздер деп сенемін", – деді Президент.