Ел президенті спортшыларды қабылдады

1487

Спортшылар мемлекет басшысына алдағы жоспарлары туралы айтты.   

Ел президенті спортшыларды қабылдады

Президент Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық спорт жарыстарының жүлдегерлерімен кездесті, деп хабарлайды akorda.kz.
Басқосуға Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев, спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, фристайл-могулшы Юлия Галышева, кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева, шаңғымен трамплиннен секіру спортының өкілі Сергей Ткаченко қатысты.
Мемлекет басшысы еліміздің спорт саласын дамытуға және халықаралық аренада Қазақстанның имиджін ілгерілетуге үлес қосқан жас шеберлердің еңбектерін ерекше атап өтті.
"Мен сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Осы жыл "Жастар жылы" деп жарияланды. Ал спорт, негізінен, жастардың ісі. Мемлекет бұл саланы дамытуға баса мән береді. Сіздерге қарап жастарымыз спортпен шұғылдануға және саламатты өмір салтын ұстануға ұмтылады. Сіздердің жетістіктеріңіз мемлекеттің беделін арттыруға септігін тигізеді", – деді Қазақстан президенті.
Жас спортшылар халықаралық жарыстарда көрсеткен өнері, алған әсерлері жөнінде ой бөлісіп, келешек жоспарлары туралы айтты.
"Мен әрдайым Қазақстан жастарын спортпен шұғылдануға шақырамын. Барлық облыста заманауи спорт инфрақұрылымы бар. Стадиондар салынып, жабық кешендер бой көтерді. Спорт – денсаулық пен ұзақ өмір сүрудің кепілі", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы жас спортшылардың кәсіби тұрғыдан одан әрі өсуінің перспективаларына назар аударды.
"Бағындыратын биіктеріңіз әлі алда екенін көріп отырмын. Әлемдік жарыстан медаль алу оңай емес. Жастардың сіздерге қарап бой түзеп, дендері сау, мықты болып өскенін қалаймын", – дедіпрезидент.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев атлеттерді қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмай, жаңа табыстарға жете беруге шақырды.
Кездесуде жас спортшыларға Қазақстан президентінің атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу