Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа салық реформасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, қаралып жатқан Салық кодексі әлі ештеңеге әсер етпеді.
"Егер ол қабылданса, онда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Ал оның әсерін тек 2026 жылдың наурыз айында төлем кезеңі келгенде ғана көре бастаймыз. Осы тұста біз бизнесті қолдау үшін қолайлы жағдайлар жасап жатқанымызды айтқым келеді", – деді министр.
Серік Жұманғарин жаңа салық реформасына қатысты сыни пікірлер айтып жүргендерге тоқталды.
"Мұндай пікірлердің, блогерлердің артында жүйенің өзгергенін қаламайтын адамдар тұрады. Оларға осындай жүйеде өмір сүрген ыңғайлы. Салық төлемей, шектен тыс пайдаға кенелу, табысын Қазақстанға салмау. Біз бұл жағдайды өзгертеміз. Мұнда мәселе салық реформасында емес, менталитет пен адамдардың санасын өзгертуде жатыр. Біз оны өзгертуге толық дайынбыз. Салық төлеу керек", – деді Премьер-министрдің орынбасары Мәжіліс кулуарында.