Ел тұрғындары мамыр айында 1800-ден астам алтын құйма сатып алды

655

Өлшенген құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында сұранысқа ие. 

Ел тұрғындары мамыр айында 1800-ден астам алтын құйма сатып алды

Мамыр айында қазақстандықтар екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктерінен жалпы салмағы 60,7 кг 1 813 құйма сатып алды.

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама жүзеге асқалы жалпы салмағы 1,95 тонна 54 780 алтын құйма сатылған, деп хабарлайды inbusiness.kz  Ұлттық банк баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алтын құймалардың бес түрі ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие болғаны – 10 грамдық құйма. Оның жалпы сатылымдағы үлесі 30% – 16 630 дана. Одан кейін 100 грамдық құйма – 12 128 дана (22%) және 20 грамдық құйма – 11 430 дана (21%), 5 грамдық құйма – 8 650 дана (16%), 50 грамдық құйма – 5 942 дана (11%). Негізінен, өлшенген құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында сұранысқа ие.

Алтын құймалар сенімді инвестициялық құрал бола алады. Банктер мен банктік емес айырбастау пунктерінің клиентке ақшасын төлеп, құймаларды "күнбе-күн" сатып ала алатын мүмкіндігі – алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз етуде негізгі факторға айналып отыр. Бағдарлама іске қосылған уақыттан бері жалпы салмағы 5,8 кг  өлшенген 177 құйма ғана кері сатып алуға қабылданды. Бұл, әрине, алтын құймалардың ұзақ мерзімді инвестициялау мен жинақтау құралы болып табылатынына байланысты.

Қазіргі уақытта алтын құймаларды Halyk Bank-те, Еуразиялық банкте, Jusan Bank-те, Банк ЦентрКредитте, сондай-ақ банктік емес айырбастау пункттерінде сатып алуға және сатуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу