Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі статистикалық дерек келтірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ведомство 2023 жылғы даму көрсеткіштері туралы есебінде елдегі кітапқұмарлар санына тоқталды. Министрлік мамандары қазақстандықтардың кітапхана қызметін пайдалануды көбейткенін анықтап отыр. Мысалы, 2023 жылы халықтың саны 20 033 546 адам болса, оның 2 490 156-сы – 4 жасқа дейінгі балалар. Сондықтан олар есепке алынбаған. Қалған 17 984 390 адамның 5 738 039-ы кітапханалардың қызметін пайдаланыпты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, ел тұрғындарының 31,3%-ы кітап оқиды.
– 2023 жылы еліміздегі кітапханаларда 153 472 іс-шара өткізілді. Ол іс-шаралар 5 738 039 пайдаланушыны қамтып, халықтың оқу белсенділігі 31,3%-ға жетті, – деп жазылған ресми хабарламада.
Статистикалық деректер елімізде 9,5 мыңнан астам кітапханашы және 73 миллионға жуық кітап бар екенін растайды. Сондай-ақ жыл сайын әлемнің 110 елінен пайдаланушылар электронды кітаптар мен құжаттар қызметіне жүгінеді.