Бірінші несие бюросының сарапшылары қазақстандық туристердің жиі аялдайтын елдерін талдаған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Яғни, қазақстандықтар Түркиядан бөлек те, бірқатар елге қызығушылық танытқан.
Мысалы, қаңтар-қазан айларында ел тұрғындары Мальдив аралдарына 22,3 мың рет барғаны белгілі болып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 42 пайызға көп. Сондай-ақ, 2009 жылдан бергі статистикадан ең жоғары көрсеткішке ие. Туристердің жалпы рейтингінде қазақстандықтар 1,3 пайыздық үлеспен 18-орында тұр.
2024 жылдың қаңтар-қазан айларында қазақстандықтар Таиланд шекарасына 144,3 мың рет кірген, бұл бір жыл бұрынғы статистикамен салыстырғанда 17%-ға артық. Тіпті, соңғы 15 жылдағы рекорд саналды.
Сонымен қатар, Қазақстан тұрғындары биылғы 11 айда Грузияға 146,9 мың барған, әрі бұл да 2011 жылдан бергі рекордтық көрсеткішке ие болып тұр.
Осы жылдың қаңтар-қазан айларында қазақстандықтар Қытайдың Хайнань аралындағы қонақүйлерді шамамен 35 мың рет жалдаған, бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 1049%-ға көп болып отыр. Оның себебі, былтыр пандемияға байланысты тоқтаған аралға тікелей әуе қатынасы қайта жанданған болатын.