Ол банк менеджерінің ескертпесіне құлақ аспай, тағы да кредит рәсімдемек болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап.
Әуелі алаяқтар әйелге хабарласып, оның атынан белгісіз біреулердің несие алуға оқталғанын жеткізген. Қазақстандық азаматша бұл сөзге имандай сеніп, 3 миллион теңге шамасында несие рәсімдеген.
Хромтаулық тұрғынның күйеуі болған оқиғаға әйелінің әлі де сене алмай отырғанын мәлімдеді.
Әйелдің несиені сол күйі басқа біреудің шотына аударуға әрекет еткеніне банк қызметкері бірден күдік келтірген. Бірақ ол ешкімге және ешнәрсеге бой бермей, терминал арқылы бар ақшаны алаяқтарға салған. Содан кейін ол банктен тағы үш жарым миллион теңге несие алуға әрекет еткен. Бұл істі дер кезінде полиция тоқтатып отыр.
Құқық қорғау органдарына келеңсіз жайтты шұғыл хабарлаған банк қызметкеріне сертификат табыс етілген. Оған қызметтегі қырағылығы үшін алғыс айтылған.
– Клиентке жақындап: "Кімге аударып жатырсыз, Бұл адам сізге кім?" деген сынды сұрақтар қойдым. Ол бұл сұрақтарға жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты. Сосын "бұл – менің ақшам, оны қалай басқару керегін өзім білемін" деп айтты. Сол кезде оның алаяқтарға ақша аударып жатқанын түсіндім, – деді банк қызметкері Данагүл Мырзатаева.