Ел-жұрт көп күткен "Қызылорда-Жезқазған" жолы пайдалануға берілді

Дәл осы жолды бұрын жүріп өтуге мәжбүр болғандардың мұң-қайғысын, шер-наласын тізбектеуге көп уақыт кететін. 

Ел-жұрт көп күткен  "Қызылорда-Жезқазған" жолы пайдалануға берілді Фото: gov.kz

Бүгін халық көптен күткен, көлік жүргізушілері мен жолаушылардың арманына айналған бұл автомобиль жолы ресми ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Негізінен, республикалық маңызы бар автомобиль жолы туралы мәселе Тәуелсіздік алған кезеңнен бері көтеріліп келген. Күн райының қолайсыздығына қарамастан, жолаушылар Қызылордадан қара жолмен Елордаға, Ұлытау, Қарағанды облыстарына қатынады. Астанаға 2 мың шақырымнан аса жол жүріп, Балқаш арқылы да барды. Енді бұл күндер де артта қалып отыр. 

– Бұрын сапарға шыққандар екі аралықта 20 сағат жол жүретін. Енді жаңа жолға түскен жолаушылар 16 сағатта діттеген жеріне барады. Жол тегіс, сапасы жоғары, қауіпсіздік, жайлылық ескерілген. Ұлытау облысының аумағында басталған құрылыс жұмыстары аяқталып, жаңа жол пайдалануға берілгенде Астанаға бағыт алған көлік 12 сағатта жететін болады, – делінген Қызылорда облысы әкімдігі таратқан мәліметте. 

Осы кезде Қызылорда облысы аумағындағы 216 шақырым жол толық қайта жаңғыртудан өтіп, тиісті жұмыстар аяқталды. Жобаны жүзеге асыруға 84 миллиард теңге бөлінді.

Негізі "Қызылорда-Жезқазған" жолының ашылуы келесі жылға жоспарланған болатын. Халықтың сұранысы ескеріліп, мерзімінен бұрын пайдалануға беріліп отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу