Соңғы "Қазақстан барысының" жеңімпазы Еламан Ерғалиев физикалық ептілігін арттыруда, деп хабарлайды prosports.kz.
"Сыр барысы", "Әскер барысы", "Қазақстан барысы-2017" атағын иеленген Еламан Ерғалиев Қазақстан еркін күрес академиясында өзінің физикалық ептілігін арттыруда. Бірнеше күн бұрын алып балуанымыз ресейлік маман Эдуард Базровпен келісімге келіп, жаттығуларын бастады. Бұған дейін Елдос Сметовқа көмектескен Эдуард Базровтың айтуынша, Еламан осы кезден бастап арнайы жоба бойынша дзюдодан әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарына дайындығын бастайды.
"Бұған дейін Елдос Сметовпен атқарған нәтижелі жұмысымыздан кейін ұсыныстар түсіп жатыр. Еламан Ерғалиевтің өкілдері келіп оған көмектесуді сұрады. Енді міне Еламанмен жұмысымызды бастадық. Мақсатымыз – биік шыңдарды бағындырып, соңғы сегіз жыл бойы жеңілістің дәмін татпаған Тедди Ринерге төтеп беретін балуанды дайындау", - деп ойымен бөлісті еркін күрес академиясының бапкері.
Естеріңізге салайық, Эдуард Базров Қазақстан еркін күрес академиясында балуандардың физикалық дайындығына жауапты бапкер. Еркін күрес шеберлерінен бөлек дзюдо, қазақ күресі, аралас жекпе-жек жауынгерлеріне жаттығу процессі бойынша көмектеседі.