Нұрсұлтан Назарбаев "Ұлы даланың ұлы есімдері" атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуды ұсынды. Бұл туралы елбасы "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласында айтқан.
"Ұлы дала Әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан, біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын "Ұлы даланың ұлы есімдері" атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек", - дейді ол.
Сондай-ақ қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет деп есептейді.
"Үшіншіден, еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, "Ұлы Дала тұлғалары" атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет", - деп есептейді.