Елбасы 2017 жылды қорытындылап, сұхбат берді

990

Елбасы 2017 жылды қорытындылап, сұхбат берді

Елбасы отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Онда мемлекет басшысы биыл елімізде өткен шараларды қорытындылап, журналистердің өзекті сауалдарына жауап берді. Әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаев билік тармақтарын өзара тарату аясында президенттің 35 өкілеттілігі парламент пен үкіметке берілгенін айтты. Соның арқасында екі органның рөлі де, жауапкершілігі де арта түскен.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР президенті:

"Бәрін президентке жаба салған жеңіл еді. Бірдеңе шықпай жатса да, "Президент айтты!" деп жүре береді. Сонда өздері ұсыныс жасамайды. Жеңілдің астымен жүргенге әбден үйреніп алды. Кеңестер кезінде де солай болды. Бірдеңе жетпей жатса, Мәскеуден сұрап аласың да, бүкіл жауапкершілікті орталыққа жүктей саласың. Біреу бірдеңе десе, Мәскеу жаққа сілтейсің. Сол себепті біз Конститутциямызға өзгеріс енгізіп, үкіметтің өкілеттілігін кеңейттік"

Сұқбат кезінде мемлекет басшысы бюджет қаржысы банктерге не үшін беріліп жатқанын да түсіндірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР президенті:

"Бұған дейінгі қаржы дағдарысы бар. Сосын БТА банктің ақшасы талан-таражға салынды. Сөйтіп, осы салада біраз мәселе қордаланып қалды. Осыған байланысты Қазақстанның үкіметі мен Ұлттық банкі тиісті шараларды қолға алып, банктерге көмек бере бастады. Алайда акционер алдымен өз ақшасын салуы қажет. Сонда ғана көмектесуге болады. Оған келіспесе, ондай банктерді банкрот етіп, жоқ қылған тиімді.

Дейтұрғанмен, президенттің айтуынша, банктер ел экономикасының "қан тамырлары" іспетті. Олар несие беріп, экономиканы қаржыландырмаса, бәрі тоқтап қалады. Онсыз тауар да шығарылмайды, ақша айналымы да болмайды. Сондай-ақ, елбасы еңбек миграциясы, "жасыл" экономика қағидаттарын енгізу және "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын іске асыру мәселелеріне ерекше тоқталып, алдағы мақсат-міндетті де тағы бір еске салды.

Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық сананы жаңғыртудың және қазақ тілін латын қарпіне көшірудің маңыздылығын да атап өтіп, "Қазақстандағы 100 жаңа есім" жобасын іске асырудың нәтижелері жөнінде ой бөлісті. Бұған қоса 1991-ші жылдан бері елге оралған қандастардың саны 1 миллионға жеткенін және оның ел үшін маңызды екенін айтты.

Аталмыш сұхбаттың телевизиялық нұсқасы бүгін республикалық телеарналардың эфирінен көрсетілетін болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу