Елбасы: Адам денсаулығының 10-15 пайызы ғана медицинаға тәуелді

1112

Елбасы: Адам денсаулығының 10-15 пайызы ғана медицинаға тәуелді

Елбасы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында мемлекет басшысына денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы жөнінде аралық есеп беріліп, министрліктің алдына қойылған міндеттердің орындалуы туралы ақпарат ұсынылды.

Елбасы ауру-сырқаудың алдын алу шараларының маңыздылығын атап өтіп, салауатты ұлт қалыптастыру ісінде халықтың ерекше рөл атқаратынын айтты.

"Азаматтарымызды өз денсаулықтарын нығайтуға тартуымыз қажет. Адам денсаулығының 10-15 пайызы ғана медицинаға тәуелді. Қалғанының бәрі тек өзіне байланысты болады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Денсаулық сақтау министрі Қазақстан президентіне тұрғындар денсаулығының негізгі көрсеткіштерінің жақсарып келе жатқанын мәлімдеді.

"Барлық көрсеткіш бойынша ахуал тұрақты. Өмір сүрудің орташа ұзақтығы көтерілуде. Ана өлімінің көрсеткіші төмендеп келеді. Бала өлімінің көрсеткіші де қатарынан бірнеше жыл бойы төмендеуде", – деді Елжан Біртанов.

Денсаулық сақтау министрі халықтың денсаулығын жақсарту бойынша министрліктің қабылдап жатқан шаралары жөнінде айтып, ауру-сырқау белгілерін бастапқы сатыда анықтаудың маңызды екенін атап өтті.

"Қазақстанда 2012 жылдан бастап тегін дәрі-дәрмекпен қамту жөніндегі бағдарлама жүзеге асырылуда. Оның тиімділігі өте жоғары. Бағдарлама аясында 2,5 миллионға жуық адам аурудың 50 түрі бойынша, соның ішінде күретамыр гипертониясы, қант диабеті және онкологиялық аурулар бойынша тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізіп отыр", – деді кездесуде Елжан Біртанов.

Кездесу барысында мемлекет басшысы дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеу және фармацевтика саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу мәселелеріне ерекше тоқталды.

"Менің бағаға қатысты мәселені шешу жөнінде берген тапсырмамнан кейін фармация комитетінің төрағасы, "СК-Фармация" компаниясының басшылығы және бес облыстың басқарма басшылары ұсталды. Дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуі шарттар жасасудағы заңнан тыс әрекеттер нәтижесінде орын алады", – деді президент.

Бұл ретте, Нұрсұлтан Назарбаев министрге өзі басшылық ететін салаға дербес жауап беретінін ескертті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу