Елбасы әйелдер қауымына өнегелі әңгіме айтып берді

1339

Елбасы әйелдер қауымына өнегелі әңгіме айтып берді

Бүгін Ақордада Қазақстанның әйелдер қауымы өкілдерімен "Көктем шуағы" атты кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық барлық отбасыға үлгі-өнеге боларлық әңгіме айтып берді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Ер-азаматтар ашуланса сабырға, араздасса татуластыққа шақырып, елді берекелі ету сіздерге байланысты. Бір әңгіме естіп едім. Шағын қалада көрші екі отбасы тұрыпты. Бір қабырғаның ар жағында біреуі, бер жағында екіншісі. Бір үйде тып-тыныш, үнемі күлкі, әдемі әңгіме болса, бір үйде күнде ұрыс, төбелес болып жатады екен. Бірде жаңағы ұрыс бола беретін үйдің әйелі күйеуін көршілерді байқап келуге жұмсапты. Ол жасырын барып, сығалап қарап отырады. Сөйтсе көршінің әйелі еден жуып жатыр екен. Үстелдің үстін жуып жатып қымбат вазаны шетке қарай қояды. Осы кезде күйеуі келіп, киімін шешіп, үстелдің жанына барған кезде қымбат вазаны құлатып сындырады. Сығалап отырған көршісі қазір төбелес-ұрыс басталады деп ойлайды. Алайда күйеуі әйеліне келіп кешірім сұраса, әйелі: "егерде вазаны үстел шетіне қоймасам ол сынбас еді" деп ол да күйеуінен кешірім сұрайды. Осыны көріп үйге келген одан әйелі не болды деп сұрайды.  "Олар бір-бірінен кешірім сұрап, қателігін айтады екен. Біз кешірім сұрамақ түгілі бір-бірімізді кемшілігімізді мойындамаймыз" деген екен. Сондықтан кешірімді болуы екі жақтан да қажет нәрсе. Отбасының амандығы, тыныштығы ел үшін де керек", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, кездесуге Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева, ғалым-микробиолог Әлия Ерназарова, Универсиада-2017 чемпионы Анна Шевченко, ҚХА мүшесі, ауыл мектебінің директоры Ирина Седова, "Жас Атамекен" жас кәсіпкерлер клубының президенті Зарина Көкжанова, ақын Толқын Қабылша, әнші Мария Галицкая, "Теңізшевройл" ЖШС адам ресурстарын басқару бас менеджері, аудандық аурухананың бас дәрігері Қарлығаш Рәзиева, Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова, "Астана-Балет" театрының жетекші балеринасы Милана Буканова, көпбалалы ана Оксана Мукашева, қобыздан халықаралық байқаулардың лауреаты Ақерке Тәжібаева, Астана қалалық кәмелетке жасы толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Назилия Раззак, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Оксана Давыденко, ҚР ҚК Парашют дайындығы орталығының аға маманы Римма Рамазанова, актриса Салтанат Бақаева, журналист Венера Мирланқызы қатысуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу