Елбасы Алакөлді туристер үшін тартымды етуді тапсырды

887

Елбасы Алакөлді туристер үшін тартымды етуді тапсырды

Қазақстан президенті Алматы облысының Үшарал қаласына келгеннен кейін жаңа әуежайдың қызметімен және облыстың шағын авиация саласын дамыту перспективаларымен танысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Алакөл ауданының Ақши кенті стансасындағы темір жол вокзалының жаңа ғимаратын аралап көрген соң,мМемлекет басшысының төрағалығымен еліміздің туризм саласын және көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Жиын барысында өңір басшысы Амандық Баталов Нұрсұлтан Назарбаевқа Алматы облысындағы туризмнің даму барысы жөнінде баяндады.

"Соңғы төрт жылда облыста туристік қызмет көрсету көлемі екі есе артты. Бұл көрсеткіш 2014 жылы 3,9 миллиард теңгені құраса, 2017 жылы 8,3 миллиард теңгеге өсті. 2018 жылы мұны 10 миллиард теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Алакөл ауданында көрсетілген қызмет көлемі 2017 жылы 3,5 миллиард теңгеге жетіп, 2014 жылғы деңгеймен салыстырғанда 8 есе артты", – деді Алматы облысының әкімі.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жергілікті және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салуға қатысты бөлігінің іске асырылу барысы жөнінде баяндады.

Сондай-ақ, кеңесте "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ президенті Қанат Алпысбаев мемлекет басшысына Алакөл демалыс аймағының 2020 жылға дейінгі көліктік қолжетімді картасын таныстырып, транзиттік тасымалдау ісін дамыту стратегиясының жүзеге асырылуы барысы жөнінде баяндады.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ішкі және сыртқы туризмді дамыту жолында барлық кедергілерді алып тастау мақсатымен Қазақстан халқына арналған Жолдауда айтылған тапсырмалардың іске асырылуы, сонымен қатар ЭКСПО-ның жағымды әсерін қолдау үшін министрлік тарапынан атқарылып жатқан шаралар жөнінде баяндады.

"Алакөл Қазақстан бойынша ең көп демалушы баратын жерге айналуы керек. Ол ыңғайлы жерде орналасуымен ерекшеленіп, барлық өңірдің тұрғындары үшін қолжетімді болып отыр. Көлдің бірегейлігі суының емдік қасиетіне байланысты. Оның құрамында радон, сілті және басқа да пайдалы элементтер бар. Осыған байланысты Алакөл еліміздің туризм саласы үшін өте маңызды", – деді мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу