Елбасы Астана процесіне қатысып жатқан делегация жетекшілерімен кездесті

861

Елбасы Астана процесіне қатысып жатқан делегация жетекшілерімен кездесті

Кездесуге Ресей Федерациясы делегациясының жетекшісі Александр Лаврентьев, Түркия Республикасы делегациясының жетекшісі Онал Седат, Иран Ислам Республикасы делегациясының жетекшісі Джабери Ансари және бақылаушы елдер –АҚШ делегациясының жетекшісі Дэвид Саттерфилд пен Иордания Хашимиттік Корольдігі делегациясының жетекшісі Уасфи Тель, сондай-ақ Біріккен ұлттар ұйымының өкілі Стругар Милош қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Мемлекет басшысы Сириядағы қақтығысты реттеудің маңыздылығына тоқталып, бүкіл әлемдік қоғамдастық бұл мәселенің шешілуіне зор мүдделілік танытып отырғанын атап өтті.
"Сіздердің жұмыстарыңыз барша әлем назарында. Қаза болғандар мен босқынға айналғандардың өте көптігі бүкіл адамзатқа орасан нұқсан келтірді. Қазақстан Ресей мен Түркия президенттерінің өтініші бойынша Астанада бас қосып, келіссөз жүргізуге жағдай жасалды. Бүгінде сол келіссөздердің жетінші раунды өтіп жатыр. Барлық тараптар бұл үдерістің тиімді екенін айтуда", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Астана процесі Женевадағы келіссөздердің тиімділігін арттыруға септігін тигізетінін айтты.
Мемлекет басшысы Астанада өткен бірқатар басқосудың қорытындысы бойынша қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды.
Сонымен қатар, Астана процесіне қатысушы елдер делегациясының жетекшілері сөз сөйледі.
Александр Лаврентьев Сириядағы жағдайды реттеуге арналған келіссөздердің аралық қорытындыларын талқылауға мүмкіндік жасалғаны үшін ризашылық білдіріп, қақтығысқа қатысты қазіргі жағдайға өз бағасын берді.
"Жұмыс басталғалы көп уақыт өтті. Оң нәтижелер бар. Деэскалация аймақтары елдегі жағдайдың тұрақтануына және саяси реттеу үдерісіне біртіндеп көшуге көп септігін тигізді. Астана процесі аясында ұрыс қимылдарын тоқтату режімін қатаң сақтауға тырысудамыз", – деді Ресей делегациясының жетекшісі.     
Түркия Республикасы делегациясының жетекшісі Онал Седат Астанадағы келіссөздердің ерекше маңыздылығына тоқталып, осы мәселені шешуге атсалысқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдірді. 
Иран Ислам Республикасы делегациясының жетекшісі Джабери Ансари терроризммен күресті жалғастырып, өңірдегі шиеленісті бәсеңдету үшін шаралар қабылдау қажеттігіне баса назар аударды.
Бақылаушы елдердің өкілдері Сирия қақтығысын бейбіт реттеу үдерісіндегі Қазақстанның және Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке рөлін атап өтіп, Астанада келіссөздер өткізуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты.
Соңында Қазақстан президенті келіссөздерге қатысқандардың барлығына өңірде бейбітшілік орнатуға атсалысқандары үшін тағы да ризашылығын білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу