2030 жылға дейін Астанада халықтың саны 2 миллионға жетеді. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Биыл біз Астанамыздың 20 жылдығын тойлайын деп отырмыз. Елорда - жалпыхалықтық бірлік пен келісімнің символы. Бұрынғы шағын ғана Ақмола бүгінде үлкен Астанаға айналды. Халықтың саны 1 миллионнан асты. Жақында біз қаланың даму болашағын қарастырған едік. 30-шы жылға дейін қала халқы 2 миллионға жетеді деген болжам бар. Осылайша, Астанада 2 миллион адам, Алматыда шамамен 3 миллион адам болады. Дәл осындай ірі қалаларда ғылым, білім, мәдениет пен технологиялар дамиды. Урбанизацияны тоқтата алмаймыз. Адамдар қалаға көшкісі келеді. Астана да үлкен "қазанға" айналды. Бұл жерге адамдар Отанымыздың түкпір-түкпірінен келіп, өз жұмысын, өз бақытын, өз баспанасын тапты", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Астананың алдағы 20 жылдығын абыроймен атқаруды тапсырды.
"Сондықтан ҚР мәдениет және спорт министрлігі мен Астана әкімдігі арнайы жоспарды әзірлеуге тиіс. Ол күнді артық шығынсыз атап өтуіміз керек. Бәрін абыроймен атқарайық. Сосын Қазақстан халқы Ассамблеясының мәдени шараларын жақсылап тұрып ұйымдастыру қажет. Себебі олар жергілікті жердегі ұйымдарға үлгі болып отыр" - деп атап көрсетті елбасы.
Айта кетейік, бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясы басталды. Онда мемлекет басшысы Астанада Достық үйін ашуды тапсырды.