Бүгін Ақордада жаңғырту жөнінде кеңес өткізген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент депутаттарының Астанаға "Нұрсұлтан" немесе "Назарбаев" атауын беру туралы бастамасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
"Бірдеңе болса, соған "нұр", "нұрлы" деген сөзді қосады. Соның бәрі менің жеке басыммен байланысты деп ойлайды. Бұл тақырып туралы айтып жүргеніме көп болды. Бүкіл жерге "нұр", "нұрлы" деп жазсын деген тапсырманы мен берді деп ойлайтын шығар. Кеше ғана Парламент тіпті Астанаға менің атымды беру туралы болжам жасапты. Мен ондай болжам жасаған емеспін және ол туралы тіпті айтқан емеспін", – деді Мемлекет басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Қуаныш Сұлтанов бастаған бір топ депутат Астанаға "Нұрсұлтан" немесе "Назарбаев" деген атау беру туралы бастама көтерген болатын.