Елбасы Атырау облысының Астанаға тартуымен танысты

789

Елбасы Атырау облысының Астанаға тартуымен танысты

Қазақстан президенті Есіл өзені арқылы өтетін велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпірді аралап көрді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы көпірдің техникалық-пайдаланушылық сипаттамаларымен танысты.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Нұрсұлтан Назарбаевқа көпірдің саябақ аймағындағы жаяу жүргіншілер легі мен велосипед желісін Есіл өзенінің оң жағалауымен жалғайтынын баяндады.

"Егер көпірге жоғарыдан қарайтын болсақ, оның пішіні Атырау облысының символы саналатын балыққа ұқсайтынын көруге болады", – деді облыс әкімі.

Қазақстан президенті жаңа көпір Атырау облысының лайықты тартуы екенін және оның елорда тұрғындары мен қонақтарына ұзақ жылдар бойы қызмет ететінін атап өтті.

"Астаналықтар бұл нысандарды дайындауға атсалысқан барлық өңірлерімізге алғыс айтуға тиіс. Бас қаланы бүкіл ел болып тұрғыздық және бүкіл ел қуанышқа кенелуі керек", – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Нұрсұлтан Назарбаевқа жалпы ұзындығы 56 шақырым болатын велосипед көлігінің инфрақұрылым нысандарын таныстырды. Велосипед жолы Есіл өзенінің бойы мен сол жағалауы және ЭКСПО кешенінің нысандары арқылы өтеді. Ол қалалық саябақтағы шаңғы және роликке арналған жолдар мен Ильинка кентінен "жасыл белдеу" арқылы өтетін велосипед жолақтарын байланыстырады. Велотректер арнайы үстелдері және велосипед қоятын орындары бар, wi-fi және телефонды зарядтау мүмкіндігі қарастырылған "ақылды инфрақұрылыммен" жабдықталған.

Шара соңында ашық аспан астындағы амфитеатр сахнасында Атырау облысы филармониясының өнер ұжымы ұйымдастырған "Ұлы дала жүрегі – Астанама" атты театрландырылған концерттік бағдарлама көрсетілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу