Елбасы Әзербайжан сапарын қорытындылап, БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді

672

Елбасы Әзербайжан сапарын қорытындылап, БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді

Қазақстан Президенті Әзербайжан Республикасына ресми сапарының қорытындысы жөнінде БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы кездесу барысында қарауға ұсынылған барлық мәселелердің талқыланғанын атап өтті.

– Біздің қарым-қатынасымыздың негізгі өзегін сауда-саттық құрайды. Ол басқа да бағыттар бойынша өзара іс-қимылды дамыту мүмкіндігін қамтамасыз етіп отыр. Бүгінгі кездесу сауда айналымын ұлғайту қажеттігін айқындап берді. Өйткені, 140 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қазіргі көрсеткіш біздің мүддемізге сай келмейді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті екіжақты сауда-экономикалық байланыстар саласында пайдаланылмаған зор әлеует бар екеніне назар аударды.

– Елдеріміз мұны екіжақты сауданы одан әрі ұлғайту үшін пайдалануға тиіс. Қазақстан Әзербайжанға металлургия өнімін, экспортқа шығарылып жатқан локомотивтерді жеткізуге әзір. Әзербайжаннан келетін көкөніс көлемінің өзі бір жылда 12 есе өсті. Біз өзара келісіп, тауар айналымын таяу кезеңде 500 миллион АҚШ долларына дейін ұлғайта аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Одан соң Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің көлік-транзит саласын дамытудың басымдығы бар бағыт екенін атап өтті.

– Қазақстанда Қытай шекарасынан Каспий теңізіне дейін ұзындығы 2000 шақырымдай болатын теміржол, сондай-ақ "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автожолы салынды. Олар өз нәтижесін бере бастады. Қазіргі уақытта жүктерді Қытай Халық Республикасынан Еуропаға Кавказ және Каспий теңізі арқылы жеткізу мәселесі туындап отыр. Бұл Әзербайжан үшін зор әлеуеттің бар екенін білдіреді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы әлемдік нарықта екі ел де маңызды рөл ие болып отырған энергетика саласындағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипаты бар екенін айтты.  

– Біз мұнай және мұнай өнімдерін әлемдік нарықтарға, соның ішінде Әзербайжан аумағы арқылы да кідіріссіз жеткізуді қамтамасыз етуге мүдделіміз. Қазақстанда ірі жобаларды іске қосқанда біз құрал-жабдық өндірісі немесе өзге де өнімдер жергілікті жерде болу үшін қажетті жағдай жасауға тырысамыз. Осыған орай біз тиісті тәжірибе мен машық қалыптасқан салаларда бірлескен өндіріс кәсіпорындарын құру мүмкіндігін талқыладық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесу кезінде Қазақстан Президенті халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері де әңгімеге арқау болғанын атап өтті.

– БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстан өңірлік проблемаларға көңіл аударады. Біздің ел Әзербайжан мен Армения жанжалына қатысты БҰҰ аясында қабылданған қарарларда қол жеткізілген келісімдерді ұстанады. Қазақстан барлық елмен достық қатынасты қолдайды және әрқашан дау-дамайдың бейбіт реттелгенін қалайды, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы терроризммен күрес саласында өзара іс-қимыл орнату қажеттігіне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев мәдени-тарихи құндылықтарымыздың ортақтығын және өзара қарым-қатынас жасауда шешілмеген түйткілдер жоқ екенін атап өтіп, кең ауқымды мәселелер жөнінде одан әрі өзара тиімді іс-қимыл үшін қажетті зор мүмкіндіктерге назар аударды.

– Бұл саладағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор, ол шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің, оқу орындары мен ғылыми мекемелердің тығыз байланысы арқылы жалғасып келеді. Қазақстанда тұрып жатқан 130 мың әзербайжан диаспорасы өкілдері мемлекеттеріміз арасындағы маңызды дәнекер болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы қонақжайлығы үшін Әзербайжан Президенті мен халқына алғыс білдіріп, бақ-береке және игілік тіледі.

Нұрсұлтан Назарбаев И.Әлиевті Астана қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы отырысына және "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде қатысуға шақырды.

И.Әлиев қарым-қатынасымыздың берік негізі бар екенін, жүргізілген  келіссөздер мен қол қойылған құжаттар соның дәлелі болып саналатынын айтты.

Әзербайжан көшбасшысы халықаралық аренада екі елдің өзара тиімді іс-қимыл орнатып отырғанын атап өтті.

– Халықаралық және өңірлік құрылымдар аясында саяси өзара іс-қимылдың белсенді дамып келе жатқаны байқалады. Нұрсұлтан Назарбаевты және Қазақстан халқын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланумен тағы да құттықтаймын, – деді И.Әлиев.

Әзербайжан Президенті осы жолғы сапар аясында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың барлық қыры жан-жақты талқыланғанын айтты.

– Жақын арада ведомствоаралық үкімет комиссиясы отырысын өткізу туралы шешім қабылданды. Елдеріміздің екіжақты тауар айналымы көлемін арттыруға мүмкіндік беретін экспорттық ұстанымдары талқыланатын болады. Әзербайжанның Қазақстан экономикасына немесе керісінше Қазақстанның Әзербайжанға салған инвестициясының өскені – қуантарлық жайт. Бұған екі тараптан да зор мүдделілік бар, – деді И.Әлиев.

Соңында Әзербайжан көшбасшысы екіжақты келіссөз барысында сауда-экономика, көлік және энергетика мәселелері жөніндегі талқылаулардың бәрі сындарлы сипатта болғанын атап өтті.

***

Мемлекет басшысының Әзербайжанға ресми сапары аясында төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

– "Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы мен "Әзербайжан теміржолы" жабық акционерлік қоғамы арасындағы Логистика және теміржол көлігі машинасын жасау саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;

–Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзербайжан Республикасының Үкiметi арасындағы 1996 жылғы 16 қыркүйектегі Табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Әзербайжан Республикасының Үкiметi арасындағы хаттама;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен  Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2017-2018 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің бірлескен декларациясы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу