Елбасы балаларды Жаңа жылмен құттықтады

1611

Елбасы балаларды Жаңа жылмен құттықтады

Бүгін астаналық Оқушылар сарайында ел президентінің атынан жаңажылдық шырша мерекесі болып өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы. 

"Қымбатты балалар! Баршамыз асыға күтетін жарқын мереке Жаңа жылға санаулы күндер ғана қалды. Мен сендерді алда келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Осынау шырша тойы естеріңде қалатын ерекше кеш болады деп сенемін. Сендер берекелі, бейбіт елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Халқымыз "Өсер елді өскелең ұрпағынан таниды" деген сөзді бекер айтпаған. Ата-ананың үкілі үмітін ақтайтын да, туған еліміздің асқақ рухын сақтайтын да, мына сендер. Сондықтан, біз сендердің ақылды да алғыр, зерделі де зерек болғандарыңды қалаймыз. Айналайын, балалар! Мен бәріңе мол игілік, жарқын болашақ тілеймін. Балалық шақтарың базарлы, өмірлерің ажарлы болсын. Жаңа жылда армандарың орындалып, Тәуелсіз елімізбен бірге өсіп, өркендей беріңдер! Мерекелеріңмен!", - деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бейнеқұттықтауында.   

Мерекеге 9 бен 13 жас аралығындағы 200-ге жуық бала қатысты, оның 26-сы жетім балалар болса, 126-сы аз қамтылған отбасыдан шыққандар. Сонымен қатар шараға ата-анасының көмегінсіз қалған 43 бала мен ерекше күтімдегі 5 бала шақырылды. 

Мерекелік шоу-бағдарлама аясында балаларды ертегі кейіпкерлері мен жаңажылдық сыйлықтар ерекше қуантты. 

"Шыршаның қорытындысы бойынша балаларға тәттілер үлестіріліп, 85 мың теңгенің сертификаты табысталды. Олар "H&M" ЖШС дүкеніне барып киім сатып алады және шыршадан кейін ЭКСПО-2017 көрмесінің аумағындағы "Нұр Әлем" сферасына экскурсияға барып, естелікк суретке түседі", - деді астаналық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин. 

Іс-шараның қоюшы режиссері – Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыка-драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу