Елбасы Бейжің-Астана-Мәскеу-Берлин теміржолын салуды ұсынды

1039

Елбасы Бейжің-Астана-Мәскеу-Берлин теміржолын салуды ұсынды

Қытайдың Циндао қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңейтілген құрамдағы отырысында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бейжің-Астана-Мәскеу-Берлин бағытында теміржол салуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"ШЫҰ-ның сапалы экономикалық серпілісіне инфрақұрылымдық мегажобалар септігін тигізе алады. Бұл қуатты мультиұжымдық тиімділікті қамтамасыз етіп, ғылыми және қаржылық әлеуетті жұмылдыруға, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көптеген мамандарын жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді", - деді елбасы.

Осы ретте мемлекет басшысы мысал ретінде Бейжің-Астана-Мәскеу-Берлин бағыты бойынша еуразиялық жоғары жылдамдықты теміржол магистралін салу идеясын ұсынды.

"Мұндай бағдарды ШЫҰ-ға мүше басқа мемлекеттер арқылы да жүргізуге болады. Бұл біздің ұйым үшін аса маңызды. Бұл жобаны жүзеге асыру ШЫҰ, Еуразиялық экономикалық одақтың, келешекте Еуропалық одақтың өзара іс-қимылының перспективалы форматын біріктіруді жүзеге асырады деп ойлаймын", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті келесі айда "ЭКСПО-2017" көрмесінің орнында "Астана" халықаралық қаржы орталығының ресми іске қосылуы жоспарланып отырғандығын айтты.

"Бізге әлемдік қаржы орталықтарының үздік модельдерін жүзеге асыру қажет. Орталық Қазақстан экономикасын ғана әртараптандырып қоймай, ШЫҰ-ның барлық елдерінің қаржы институттарының дамуына оң септігін тигізеді. ШЫҰ елдерінің қаржы институтарын, бизнес қоғамдастықтарын, іскерлік топтарын осы жылдың 5 шілдесінде АХҚО мүмкіншіліктерін кеңінен пайдалануға шақырамын", - деді елбасы.

Мұнан бөлек, отырыста Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ның стратегиялық басымдығын атап,  жаңа технологиялар бойынша тәжірибе алмасатын алаң құруды ұсынды.

Айта кетейік, отырысқа Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Қырғыз президенті Сооронбай Жээнбеков, Пәкістан президенті Мамнун Хусейн, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди, ШЫҰ-ғы байқаушы мәртебесі бар Ауғанстан президенті Ашраф Ғани, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Иран президенті Хасан Роухани және Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттула және бірқатар халықаралық ұйымның басшылары қатысуда.

Кеңейтілген құрамдағы отырыстан кейін саммиттің басты құжаты Циндао декларациясы қабылданып, 20-дан астам құжатқа қол қойылмақ. Оның 17-сін Мемлекет басшылары рәсімдейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу