Елбасы білім және ғылым министрін қабылдады

879

Елбасы білім және ғылым министрін қабылдады

Елбасы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесуде мемлекет басшысына Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы жөнінде есеп берілді.

Нұрсұлтан Назарбаев білім беру жүйесі еліміздегі саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды жүзеге асыру ісінде ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

"Біз іске асырып жатқан барлық бағдарламалық құжаттарда, соның ішінде Қазақстан халқына арналған "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты биылғы жолдау мен "Рухани жаңғыру" бағдарламасында, сондай-ақ цифрландыру барысында білім беру ісіне зор мән берілген. Мектептегі білім берудің сапасы осы бастамалардың табысты жүзеге асырылуының кепілі болып саналады", – деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысы еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалардың уақтылы жүргізіліп жатқанын айтып, жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшу үдерісіне ерекше тоқталды.

"Пәндерді ағылшын тілінде оқыту жоғары сынып оқушылары арасында жүргізіледі. Балаларға ағылшын тілін қазір үйретпесек, келешекте олардан кәсіби мамандар даярлай алмаймыз. Бұл – уақыт талабы. Ата-аналар мұны дұрыс түсінуге тиіс. Бұл ретте, қазақ тілін оқытуды да ұмытпауымыз керек", – деді елбасы.

Кездесуде білім және ғылым министрі мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында министрлік алдына қойылған міндеттердің орындалу барысы жөнінде мәлімдеді.

Ерлан Сағадиев мектепке дейінгі білім беру жүйесін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстың аралық нәтижелері жөнінде баяндады.

"2018 жылы мектепке дейінгі білім берумен қамту көрсеткіші 95 пайызға жетеді. Негізінен, бұл жеке балабақшалар құрылысының есебінен жүргізіліп отыр. 2019 жылдан бастап ерте жетілудің бірыңғай стандарттары енгізіледі. Сондай-ақ, балабақша кезегіне мобильдік құрылғыларды қолдану арқылы да тұруға болатынын айтып өткен жөн", – деді білім және ғылым министрі.

Сонымен бірге, Ерлан Сағадиев Қазақстан президентіне мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі бойынша жаңа мазмұнға көшірудің нәтижелері жөнінде айтты.

Білім және ғылым министрі жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін мұғалімдер даярлау барысы жөнінде мәлімдеді.

"2016 жылы ағылшын тілінде 2 мың ғана мұғалім сабақ берген болатын. Былтыр 11,5 мың мұғалім тиісті ағылшын курсынан өтуге өтініш білдіріп, олардың 3 мыңға жуығы даярлығын аяқтап, сабақ беруге кірісті. 8 мың мұғалім оқуын жалғастырып, қажетті деңгейге ауысуда. Осылайша, 2019 жылы 13,5 мың мұғалім төрт пәнді ағылшын тілінде беруді бастайды", – деді Ерлан Сағадиев.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырма берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу