Елбасы бірнеше елдің елшілерінен сенім грамотасын қабылдады

613

Елбасы бірнеше елдің елшілерінен сенім грамотасын қабылдады

Қазақстан президенті елшілерден сенім грамоталарын қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Рәсім барысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Ресей Федерациясының төтенше және өкілетті елшісі, Өзбекстан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі, Түрікменстанның төтенше және өкілетті елшісі және Италия Республикасының төтенше және өкілетті елшісі сенім грамотасын тапсырды. 

Мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларды Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының басталуымен құттықтап, олардың қызметтері мемлекетаралық қарым-қатынастарды дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

"Сіздердің дипломатиялық қызметтеріңіз еліміз үшін мазмұнды әрі маңызды оқиғаларға толы кезеңде басталғалы тұр. Қазақстан ширек ғасыр ішінде демократиялық жүйесі орныққан, азаматтық қоғамы кемелденген, экономикасы дамыған мемлекетке айналды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті елімізде халықаралық байланыстарды нығайтуға бағытталған көпжақты сыртқы саясат жалғаса беретінін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев "Жасыл" технологияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталықтың, ІТ-стартаптар технопаркінің, "Астана" халықаралық қаржы орталығының жұмысы туралы айтып, дипломаттарды осы бағытта белсенді түрде ынтымақтасуға шақырды.

"Өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін Қазақстандағы зор мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану қажет. Биыл біздің елімізде бірқатар маңызды халықаралық іс-шаралар жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VI съезі және Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы өтеді. Осы басқосуларға сіздердің елдеріңіз белсене қатысады деп ойлаймын", – деді Қазақстан президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев дипломаттарды тағы да құттықтап, екіжақты қарым-қатынастарды нығайту жолындағы қызметтеріне табыс тіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу