13-14 сәуірде Бішкекте мемлекет басшылары деңгейінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді. Отырысқа Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысады, деп хабарлайды BNews.kz Қырғызстан президенті аппаратының ақпараттық саясат бөліміне сілтеме жасап.
Президент аппаратының сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі Айзада Субақожаеваның мәлімдеуінше, алқалы басқосуға Армения президенті Серж Саргсян, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей президенті Владимир Путин қатысады.
2017 жылдың 7 наурызында Бішкекте Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтіп, интеграциялық бірлестік аясындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған 10 құжатқа қол қойылды.
2017 жылы Еуразиялық экономикалық кеңестің жарғылық органдарына Қырғызстан төрағалық етеді.