Елбасы бизнес өкілдерін АХҚО-мен бірге жұмыс істеуге шақырды

724

Елбасы бизнес өкілдерін АХҚО-мен бірге жұмыс істеуге шақырды

Бүгін "Астана" ХҚО ресми түрде ашылды. Салтанатты рәсімге елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Сондай-ақ, 50 мемлекеттен 200 ден аса сарапшылар мен бизнес өкілдері келді, деп хабарлайды Atameken TV.

Жиын барысында президент "Астана" қор биржасының құрылғанын жеткізді. Қазірдің өзінде мұнда америкалық Насдак пен Шанхай қор биржасы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, қаржы айналымы 34 млрд долларды құрайтын 14 халықаралық брокерлік мекеме өз қызметін ұсынуда. Осыған орай Нұрсұлтан Назарбаев отандық және шетелдік бизнес өкілдерін Астана қаржы орталығымен бірге жұмыс істеуге шақырды.

"Қазақстанды көркейту және еліміздің стратегиялық мақсатына жету жолында ауқымды жұмыстар атқарылуда.  Экономиканы индустрияландыру, әртараптандыру белсенді жүргізілуде. Мемлекеттік үшінші жаңғырту бастамасы, цифрландыру жүзеге асырылуда. Осы орайда, Астана халықаралық қаржы орталығы негізгі реформалар мен өзгерістердің маңызды буыны болып саналады. Оның қызметіне сәттілік тілеймін", - деді президент.

Жалпы қаржы орталығын құру идеясын мемлекет басшысы 2015 жылы ұсынған болатын. Осылайша қысқа уақыт ішінде посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығына негізделген ұйым пайда болды.

Биылғы жылы орталыққа 100 компания тіркеледі деп жоспарланған. Қазірдің  өзінде 50 компания тіркеліп үлгерген. Ал 2020 жылы олардың саны 500-ден асып жығылуы тиіс. Сондай-ақ, жыл соңына дейін исламдық құнды қағаз-сукук айналымға шығарылмақ. Ислам даму банкінің басшысы Бандар Хадждың пікірінше орталық тек аймақтық емес әлемдегі исламдық хабқа айналады.

"Астана" қаржы орталығы әлем үшін маңызды. Бүгінде ол халықаралық деңгейдегі Нью-Йорк пен Шанхай қор биржасымен бір қатарда тұр. Орталықпен серіктестік орнату барлық тарапқа тиімді болмақ. Сондықтан Ислам даму банкі әрқашан прездиент Нұрсұлтан Назарбаев пен қазақ елін қолдайды", - дейді Бандар Хадж.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу