Елбасы Досхан Жолжақсыновты қабылдады

969

Елбасы Досхан Жолжақсыновты қабылдады

Елбасы Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсыновты қабылдады. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Досхан Жолжақсыновтың отандық кинематография және театр өнерін дамытуға сіңірген еңбегін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Сіз – отандық мәдениеттің көрнекті өкілдерінің бірісіз, Қазақстанның халық әртісісіз. Ұзақ жылдар бойы балалар мен жасөспірімдер театрына басшылық еттіңіз. Осы уақыт ішінде мәдениетіміздің дамуына және Қазақстан қоғамының рухани тұрғыдан жаңғыруына зор үлес қостыңыз", – деді мемлекет басшысы.

Қазақстан президенті киноиндустрияның маңыздылығын айрықша атап өтіп, оның қазіргі мәдениет саласында алатын орнына тоқталды.

"Бүгінде кино ұлттық сана-сезім мен төл мәдениетімізді бейнелейтін негізгі құралдың біріне айналды. Сондықтан мен сізді отандық киномызды одан әрі дамыту мәселелерін талқылау үшін шақырдым", – деді елбасы.

Досхан Жолжақсынов Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанның кинематография өнеріне ерекше көңіл бөліп отырғаны үшін алғыс айтты.

"Сіздің жан-жақты қолдауыңыздың арқасында қазіргі киноиндустрия саласы дамудың жаңа сатысына көтерілді. Қиындықтарға қарамастан, "Көшпенділер" фильмін түсіріп, халқымыздың тарихын күллі әлемге таныттық. Содан кейін "Жау жүрек мың бала" мен "Алмас қылыш" фильмдері, сондай-ақ менің "Біржан сал", "Құнанбай" фильмдерім және басқа кинотуындылар түсірілді. Еліміздің бүкіл өңірін аралап, "Құнанбай" фильмін көрсеттік. Біз кино арқылы тарихи оқиғалар мен қазақ халқының мінез-құлқын бейнелеп, жұртшылық санасына рухани жаңғырудың негізгі идеяларын сіңіруге тырыстық", – деді халық әртісі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу