Елбасы: Еуропаның, Америка мен Азияның 20 елінің конституцияларын жете зерттедім

1197

Елбасы ҚР Конституциясы күніне арналған халықаралық конференцияға қатысушылармен кездесуінде тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстандағы конституционализмнің даму тарихына тоқталды.

Елбасы:  Еуропаның, Америка мен Азияның 20 елінің конституцияларын жете зерттедім Фото: akorda.kz

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған халықаралық конференцияға қатысушылармен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Қазақстанға келіп, Конституция күнін бірге мерекелегені үшін жиынға қатысушыларға ризашылық білдірді.

Елбасы тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстандағы конституционализмнің даму тарихына тоқталды.

"1995 жылғы көктемде бір топ заңгер ғалымдармен бірлесіп, бізге қандай конституция қабылдау қажеттігін талқыладық. Мен өзім еліміз үшін қолайлы ережелерді іздестіру мақсатымен Еуропаның, Америка мен Азияның 20 елінің конституцияларын жете зерттедім. Себебі, біз басқа мемлекеттің конституциясын сол күйінде көшіріп ала алмаймыз. Осылайша, 1995 жылғы желтоқсанда жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыздың басым көпшілігі қолдаған конституцияны қабылдадық. Бұл құжат бүгінде біздің өмірімізге арқау болып, мемлекетімізді қалыптастырып, тәуелсіздігімізді нығайтып отырған негізгі заңға айналды. Конституциямыз уақыт талабына сай үнемі реформаланып, жетілдірілуде. Мәселен, өткен жылдың басында мен президенттің бірқатар өкілеттіктерін парламент пен үкіметке олардың дербестігін әрі жауапкершілік аясын кеңейте отырып қайта бөлу жөніндегі конституциялық реформаға бастамашы болдым", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Халықаралық сарапшылар Қазақстанға шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдіріп, Конституция күнін мерекелеу түрлі институттар арасындағы қатынастарды реттеудің берік негізі әрі құқықтар мен бостандықтарды қорғаудың кепілі саналатын ең маңызды құжаттың мәні зор екенін айғақтайтынын атап өтті.

Жиынға Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің төрағасы Қ.Мәми, Әзербайжан Республикасы Конституциялық сотының төрағасы Ф.Абдуллаев,  Алжир Халық Демократиялық Республикасы Конституциялық кеңесінің төрағасы М.Меделчи, Армения Конституциялық сотының төрағасы Г.Товмасян, Болгария Конституциялық сотының төрағасы Б.Велчев, Латвия Республикасы Конституциялық сотының төрағасы И.Зиемеле, Конституциялық әділ сот жөніндегі дүниежүзілік конференцияның Бас хатшысы Ш.Дюрр, Еуразиялық Экономикалық Одақ сотының төрағасы Ж.Бәйішев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Ә.Рақышева қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу