Қазақстан Президенті Германия Федеративтік Республикасының сайланған Президентін құттықтап, оған зор денсаулық пен табыс, ал достас Германия халқына бейбітшілік тілеп, елдің одан әрі өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
"Сіздің мол саяси тәжірибеңіз бен дипломатиялық қабілет-қарымыңыз отан игілігіне қызмет ете беретініне сенімдімін.
Биыл 25 жылдығы атап өтіліп жатқан Қазақстан мен Германия арасындағы достық пен сенімге негізделген өзара қарым-қатынасты нығайтудағы Сіздің еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Астана мен Берлинде өткен мазмұнды кездесулерімізді мен әрдайым жылы сезіммен еске аламын.
Қазақстан биыл Астанада өтетін "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесіне Германияның қатысуын құптайды. Осыған орай, Сізді Қазақстанға ресми сапармен келіп, "ЭКСПО-2017" көрмесінің құрметті қонағы болуға шақырамын", – делінген жеделхатта.