ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия басшысы Георгий Маргкелашвилиді Ақордада қарсы алды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Ресми шара барысында президент өз делегациясын таныстырды. Одан соң құрметті қарауыл сап түзеп, президент оркестрі екі елдің гимнін орындады. Қазақстан мен Грузияның президенттері шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесуге кетті.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамотасын тапсырған елші Зураб Абашидзе Грузия басшысының сапары жоспарланып жатқанын жеткізген. Сол кезде мемлекет басшысы Грузиямен арадағы байланыстарды дамытуға мүдделі екенін айтқан.
"Грузия Кавказдағы біздің негізгі әріптестеріміздің бірі. Тбилиси тоғыз жолдың торабында тұр. Сол себепті Қазақстан үшін осы елмен сауда-экономикалық байланыстарды жүргізу аса маңызды", - деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.