Елбасы кәсіпкер болғысы келетіндер оқуы керек кітапты атады

769

Елбасы кәсіпкер болғысы келетіндер оқуы керек кітапты атады

"100 жаңа оқулық" жобасы аясында менеджмент пен кәсіпкерлікке арналған бірқатар құнды шығармалар қазақ тіліне аударылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кейбір кітаптардың тиімділігін ерекше атап өтті,  деп xабарлайды ҚазАқпарат.

"Рикки Грифиннің "Менеджмент" атты кітабы мемлекеттік сектор үшін де, жеке сектор үшін де аса маңызды. Мәселенің бәрі менеджментте жатыр. Біз жекешелендіруді не үшін бастадық? Себебі мемлекет жақсы менеджер емес, басқара алмайды. Ал мемлекеттік қаражат болғаннан кейін менікі де емес, онікі де емес. Содан жемқорлық та, ұрлау да шығады. Егер өндіріс менікі болса, онда мен оны пайдалы қылуға, табыс табуға, өзімді өсіруге тырысамын ғой. Сондықтан менеджмент - қазір өте керек нәрсе", - деді Нұрсұлтан Назарбаев бүгін "100 жаңа оқулықтың" алғашқы сериясын таныстыру рәсімінде.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде жекешелендірудің екінші кезеңі аясында мемлекеттің қарамағындағы өндірістер жекеменшікке сатылып жатыр. Соның арқасында аталған кәсіпорындардың тиімділігі артады деген сенім бар. Ал мемлекеттің міндеті басқа.

Бұдан бөлек, елбасы кәсіпкерлікті дамытуға арналған кітаптардың тиімділігін де ерекше атап өтті.

"Дональд Куратконың "Кәсіпкерлік" атты кітабында бизнесті табысты дамыту туралы жүздеген мысал бар. Бізде бизнеспен шұғылданып жатқан азаматтарымыз осыны оқыды ма, жоқ па? Әй, қайдам, әйтеуір білетінін жасап жатыр. "Кәсіпкер - мүмкіндіктерді көре білетін, қабылдай алатын, оны нарықтық идеяға айналдырып, соны іске асыра алатын тұлға" дейді автор. Осындай тұлға болғысы келетін біздің жастарымыз үшін бұл кітап құнды жолбасшы бола алады деп сенемін, - деді елбасы.

Айта кетейік, бүгін аталған кітаптардың барлығы президентке таныстырылды. Сол кезде мемлекет басшысы діни білімнің маңыздылығына да ерекше тоқталды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу