Елбасы Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялауға қатысты мәлімдеме жасады

1469

Аталған операция барысында лаңкестер тұтқынында жүрген Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялау жүзеге асырылған.

Елбасы Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялауға қатысты мәлімдеме жасады Фото: tengrinews.kz

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 5-6 қаңтар аралығында жүргізілген халықаралық "Жусан" операциясына қатысты халыққа қайырылып, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды abctv.kz.

Мемлекет басшысы біздің құзырлы органдар мұндай кеңауқымды шараны бұған дейін жүргізбегеніне назар аудартты.

Аталған операция барысында лаңкестер тұтқынында жүрген Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялау жүзеге асырылған.

Елбасы Қазақстанның әлемдегі қан-қасап қырғын ошақтарынан өз азаматтарын құтқаруды жалғастыратынын нықтады.

"Биылғы 6 қаңтарда менің тікелей тапсырмам бойынша құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген үлкен гуманитарлық операция өз нәтижесін берді. Біздің құзырлы органдарымыз бұрын-соңды жасалмаған жұмысты іске асырды: Сириядан Қазақстанға 47 азаматымыз, соның ішінде әйелдер мен 30 бала елімізге қайтарылды.

Олардың барлығы дағдарыс жайлаған елге алданып барып, террористердің тұтқынында болды. Біраз адам соғыс арасында қаза тапты. Ал мына адамдарды біз өзімізбен достық қарым-қатынастағы мемлекеттің көмегімен, Қазақстанның ұшағымен алып келдік. Қазақстанға келген соң әйелдер мен балаларға мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетілді. Олар енді бір ай бойы бейімдеу орталығында болып, қажетті медициналық көмек алады. Тағдыр тауқыметін тартқан балалар мен әйелдердің қуанышында шек жоқ, көздері жасқа толғанын көрдік. Келген адамдар көрген қиыншылықтары мен зардабын кейіндері өздері айта жатар", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол атқарылған жұмыс мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алуға септігін тигізеріне сенім білдірді.

Сонымен бірге, бұл операцияның жаһан жұртшылығы мен өз еліміз үшін көрнекті қадам болғанына екпін түсірді: "Қазақстан өз азаматтарына қай жерде жүргеніне қарамастан әрдайым қолдау көрсететінін біз осылай паш етіп отырмыз. Біздің негізгі міндетіміз – еліміздің қауіпсіздігін, халқымыздың береке-бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз ету. Қақтығыс аймағында еріксіз жүрген балаларды қайтару жөніндегі жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз!"  деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу