Қазақстан халқының интерактивті картасын әзірлеу қажет. Мұны Бейбітшілік пен келісім сарайында өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясында сөз сөйлеген президент Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды inform.kz.
"Кабинетімде ілініп тұрған Қазақстанның үлкен картасына ауық-ауық қарап қоямын және облыстардың, аудандардың, қалалардың, ауылдардың атауына көз жүгіртіп қана қоймай, еліміздің байтақ аумағында барлығымыз бірге атқарып жатқан зор жұмысты елестетесің", – деп мемлекет басшысы Қазақстан халқының интерактивті тарихи картасын әзірлеуді ұсынды.
Президенттің пайымынша, электронды карта ежелгі қазақ жеріндегі барлық ұлттың шоғырлану процесін ашық көрсетіп, мемлекет құраушы қазақ халқының айрықша миссиясын паш етеді.
"Білім және ғылым министрлігіне Ассамблеямен бірлесе отырып, ғылыми негізде осындай интерактивті картаны әзірлеуді және оны келесі жылы алғыс күнінде таныстыруды тапсырамын", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.