Елбасы Қазақстанның бас мүфтиі Серікбай қажы Оразды қабылдады

1376

Елбасы Қазақстанның бас мүфтиі Серікбай қажы Оразды қабылдады

Елбасы Қазақстанның бас мүфтиі Серікбай қажы Оразды қабылдады. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Серікбай қажы Оразды Қазақстанның бас мүфтиі лауазымына сайлануымен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Мен Тәуелсіздік күні қарсаңында сізді осындай жоғары лауазымға сайлануыңызбен құттықтау үшін шақырдым. Тәуелсіздіктің арқасында дәстүрімізді қайта жаңғыртып, ата-бабамыздың дінін ұстану мүмкіндігіне ие болдық. Мемлекет тарапынан кез келген азаматтың діни бостандығын қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалды", – деді Қазақстан президенті.

Елбасы дін істері және азаматтық қоғам министрлігі арқылы діни қатынастар саласын реттеуде мемлекет ерекше рөл атқаратынын айтты.

"Қазақстан – зайырлы мемлекет. Министрлік дінге қандай да бір шектеу қою үшін құрылған жоқ. Министрлік дін саласында тәртіп орнатып, дін жолындағы адамдар бір-бірінің құқығын бұзбауын қамтамасыз ету үшін құрылған", – деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев әзірленіп жатқан діни қызмет туралы заңның негізгі ережелерін кең ауқымда түсіндіріп, халыққа жеткізу жөнінде бірлесе жұмыс жүргізудің қажеттігіне назар аударды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен биылғы сәуірдегі кездесуіне тоқталып, онда сананы жаңғыртып, еліміздің тарихи және рухани байлығын сақтау қажеттігі талқыланғанын атап өтті.

"Дін жолындағы адамдардың арасында жастар да бар. Мешіттерге сән үшін баратындар да бар, шалбарының балақтарын қысқартып, сақал қойған діндарлар да бар. Солардың бәріне ислам дінінің негізін түсіндіру керек", – деді Қазақстан президенті.

Қазақстанның бас мүфтиі жылы қабылдағаны үшін мемлекет басшысына алғыс айтты.

"Сіз "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақалаңызда жаңа үрдістер мен әлемдегі өзгерістерге бет бұру қажеттігі туралы айттыңыз. Бүгінде біздің имамдар жаңа әдебиеттерді зерттеп, уағыз айту мен мінажат ету барысында осы білімдерін қолдануда", – деді бас мүфти.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев пен Серікбай қажы Ораз еліміздегі діни білім беру мәселесін талқылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу