Елбасы кеңсесін құруға бюджеттен 1 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінеді

858

Ал жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын арттыруға 37 миллиард теңге берілмек. 

Елбасы кеңсесін құруға бюджеттен 1 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінеді

Парламент мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын арттыруға мүмкіндік беретін заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

Сенат үш жылдық республикалық бюджет туралы заң жобасын тиісті түзетулермен төменгі палатаға кері қайтарған болатын. Өйткені қосымша шығындар ескеріліп отыр. Жаңа мемлекеттік орган – Елбасы кеңсесін құруға (1 миллиард теңге) және жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын арттыруға (37 миллиард теңге) бюджеттен қаржы бөлінеді. 

Мәжілістің жалпы отырысында қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Серік Құсайынов бұл заңға сәйкес қазақстандықтардың жалақысын артатынын атап өтті.

"Сенат енгізген өзгертулер мемлекет басшысының мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын өсіруді 1 шілдеден 1 маусымға жылжыту тапсырмасын орындауға бағытталған. Республикалық шығын көлемін 38 миллиард теңгеге арттыру ұсынылып отыр", – деді мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар, Серік Құсайынов мәжілістің қаржы және бюджет комитеті сенат ұсынған өзгерістерді енгізуге келісетінін айтты. Депутаттар заңға енгізілетін өзгертулерді мақұлдап, дауыс берді.

Еске сала кетсек, Қазақстанның тұңғыш президенті  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының съезінде 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласындағы айлығы төмен қызметкерлердің жалақысын 30%-ке, аудандық және облыстық деңгейлерде тікелей халықпен жұмыс істейтін атқарушы органдардың төменгі сатыдағы қызметкерлерінің жалақысын орташа есеппен 25%-ке өсіруді тапсырған болатын.

Кейінірек Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалақысы төмен қызметкерлердің айлығын 1 шілдеден емес, 1 маусымнан бастап көтеру туралы тапсырма берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу