Кездесу барысында президентке министрліктің қазіргі қызметі, қорғанысқа арналған мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру және ақпараттық қауіпсіздік саласында атқарылып жатқан жұмыс, сондай-ақ саланы одан әрі дамыту жоспары баяндалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев министрліктің алдына қойылған қорғаныс өнеркәсібі деңгейін көтеру және оны технологиялық тұрғыдан жаңғырту міндеттерінің сапалы іске асырылуына қатысты мәселелерге назар аударды.
Бейбіт Атамқұлов мемлекет басшысына қорғанысқа арналған мемлекеттік тапсырысты қалыптастырудың қазіргі алгоритмін жетілдіру үдерісі, сондай-ақ "Қазақстанның киберқалқаны" тұжырымдамасын әзірлеу барысы туралы мәлімдеді.
Бұдан бөлек, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі елбасыға биыл Астана қаласындағы бірегей кәсіпорын – ғарыш аппараттарын құрастыру және сынақтан өткізу кешені құрылысының аяқталатынын хабарлады. Қазақстан мамандары спутник жасау барысында жобалаудан құрастыруға және сынақ өткізуге дейінгі жұмыстың бәріне қатысады.
Қазақстан Президенті кездесу қорытындысында бірқатар тапсырма берді.