Қазақстан президенті Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті. Мемлекеттер басшыларының ресми кездесу рәсімінен соң шағын құрамдағы келіссөздер жүргізілді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруын қабыл алғаны үшін Сооронбай Жээнбековке ризашылық білдіріп, Қырғыз Республикасы президентінің алғашқы сапары екі ел арасында орныққан дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қырғызстан қарым-қатынастарының тарихи тұрғыдан достық сипаты бар екенін айтты.
"Қазақстан мен Қырғызстан – бауырлас әрі одақтас мемлекеттер. Біздің арамыздағы барлық салада сындарлы және сенімді диалог орнаған", – деді Қазақстан президенті.
Сооронбай Жээнбеков Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға ресми сапармен келуге мүмкіндік туғызғаны үшін және өткен сайлаудағы жеңісімен құттықтағаны үшін алғыс айтты.
"Менің Қазақстанға бірінші сапарым қос мерейтой – елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы мен Мәңгілік достық туралы шартқа қол қойылуының 20 жылдығы қарсаңында өтуде. Біздің тарихымыз да, тіліміз де, дініміз бен мәдениетіміз де бір", – деді Қырғызстан президенті.
Мемлекеттер басшылары кездесу соңында бүгінгі келіссөздер мен олардың қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттар екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.