Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға мемлекеттік сапары аясында қытайлық бизнес капитандарымен кездесу өткізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Қытай Халық Республикасы Қазақстан үшін аса маңызды стратегиялық серіктес саналады. Біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынас достыққа, өзара сенімге негізделген. Қытай біздің сауда-саттығымыз бен өзара инвестициямызда маңызда орынға ие", - деді елбасы.
Қазақстан президенті бүгінде Қазақстанда қытайлық компаниялардың қатысуымен экономиканың мұнай-газ, химия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп сынды түрлі салаларында 1200-ден астам кәсіпорын, сонымен қатар қытайлық ірі үш банк табысты жұмыс істеп жатқанын айтты.
"Бүгін маған баян еткендей, іскерлік кеңестің отырысы өтті. Оның жұмысына екі тараптан 300-ден астам бизнес өкілдері қатысты. 13 млрд доллардан астам сомаға шамамен 40 құжатқа қол қойылды", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.