Елбасы: Қызметкерлерді озық технологиялармен жұмыс істей білуге үйрету керек

753

Елбасы Атырау облысына жұмыс сапарында "Жігермұнайгазсервис" ЖШС мен "Ембімұнайгаз" акционерлік қоғамына барды.

Елбасы: Қызметкерлерді озық технологиялармен жұмыс істей білуге үйрету керек Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы "Жігермұнайгазсервис" ЖШС мен "Ембімұнайгаз" акционерлік қоғамына барды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Өндірістік үдерістерді қадағалау орталығының жұмысымен танысты. Онда елбасыға цифрлық зияткерлік кен орнының жүйесі көрсетілді. Бұл нақты уақыт режімінде өнеркәсіп нысандарынан түсетін ауқымды мәліметтерді өңдеуге, шұғыл шешім қабылдау мақсатымен оларға әрі қарай талдау жасауға, сондай-ақ кен орындарындағы өндіру үдерісін жақсартуға мүмкіндік береді.

"Мұнай өндірудің қазіргі әдістерімен ғана шектелмей, заманауи тәсілдерді де қолдану қажет. Ең алдымен, қызметкерлерді озық технологиялармен жұмыс істей білуге үйрету керек", – деді Қазақстан президенті.

"Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов мемлекет басшысына "Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі" арнайы экономикалық аймағы қызметінің негізгі нәтижелері туралы баяндады.

Сонымен қатар, Қазақстан президентіне Атырау қаласы инженерлік желісінің электронды сызбаларына, ауыл шаруашылығына арналған жерлерге, кең таралған пайдалы қазбалар орындарына және өңірдегі жерлерді пайдалану шарттарына, сондай-ақ мемлекеттік қызметке электронды форматта тапсырыс беруге немесе мемлекеттік органға өтініш жолдауға онлайн-мониторинг жасау үшін мүмкіндік туғызатын Атырау облысының геоақпараттық порталының жұмысы таныстырылды.

Елбасы өнім өндіру көлемін, еңбек өнімділігін, металл өңдеу дәлдігін арттыруға, сондай-ақ адам факторына байланысты қателіктерді болдырмауға мүмкіндік беретін, робот көмегімен дәнекерлеу әдісін қолдану арқылы металл конструкцияларын өндірудің технологиялық үдерісімен танысты.

Қазақстан президенті кәсіпорын еңбеккерлерімен кездесу барысында өнеркәсіптің түрлі салаларында заманауи цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтіп, "Жігермұнайгазсервис" компаниясының өндірісін әртараптандырудың артықшылықтарын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу