Қазақстан президенті Малайзияның премьер-министрі Махатхир Мохамадқа құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев Махатхир Мохамадты парламент сайлауында "Үміт альянсы" коалициясының жеңіске жетуімен және Малайзия премьер-министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады.
"Сайлау нәтижелері Сіздің парасатты басшылығыңызбен Малайзияның келешекте жаңа белестерді бағындыратынына халықтың сенім артып отырғанын көрсетті. Бұған Сіздің 1981-2003 жылдарда Малайзияның қарқынды дамуына қосқан өлшеусіз үлесіңіз дәлел бола алады.
Қазақстан мен Малайзия арасындағы достық қарым-қатынас жылдан жылға нығайып, жан-жақты өркендеп келеді", – делінген жеделхатта.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы екі ел арасындағы жемісті ынтымақтастықтың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Махатхир Мохамадқа жауапты лауазымда табыс, ал Малайзия халқына бейбіт өмір мен бақ-береке тіледі.