"Елбасы Медалі" иегерлеріне оқуға түсерде жеңілдік беріледі

1320

Тестілеуден алған ұпайлары бірдей болса, медалі бары озады.  

"Елбасы Медалі" иегерлеріне оқуға түсерде жеңілдік беріледі

3 маусымда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Елбасы Академиясы" Корпоративтік қоры басшысының орынбасары Әнуар Жанғозин дарынды жастарды қолдауға бағытталған жаңа бағдарламаның басталғанын жариялады.

"Бағдарламаның негізгі символы жетістіктің жеті жебесіне баланған. Жасөспірімдердің қабілетін дамытуға, жас қазақстандықтардың рухын биік көтеруге, жаңа ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған жеті бағыт. Қатысушылар спорт, дарындылық пен дағдыны дамыту, кітап оқу, волонтерлік, ұлттық мұра, туристік және жұмыс тәжірибесі бағыттары бойынша өздерін жетілдіре алады", — деді.

Оның айтуынша, "Елбасы Медалі" жобасы 14 пен 29 жас аралығындағы балалар мен жастарға арналған. Мұндағы басты мақсат – дарындыларға қолдау көрсету. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіп бойынша, егер жинаған ұпайы өзгелермен тең болған жағдайда "Елбасы Медалінің" иегерлері білім грантын алуға, сонымен қатар жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алып жатқандардың құрамына енуге құқылы.

Бағдарламаның үш деңгейі бар: қола, күміс, алтын. Қола 14 жастан, күміс 15 жастан, алтын 16 жастан асқандарға белгіленеді. Кез келген жасөспірім тұрғылықты жеріне және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан жобаға кірісе алады. Қатысушы ешкіммен сайысқа түспейді, яғни өзінің көрсеткіштерін жоғарылатып отырса болғаны. 

Жобаға қатысу үшін me.ffp.kz сайтында тіркелу қажет. Қосымша ақпарат алу үшін 7170 call-орталығына хабарласуға болады.

Ескере кететін жайт, бұл жобаны "El Umiti" бастамасы аясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры және "Елбасы Академиясы" Корпоративтік қоры жүзеге асырып отыр. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу