Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінің пленарлық отырысында ғылым мен инновацияны исламдық қаржыландырудың рөлін арттыру маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды akorda.kz.
– Біз "ЭКСПО-2017" көрмесін өткіздік. Енді оның аумағында "Астана" халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастайды. Сіздерді ислам қаржысы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға шақырамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жасыл технологияларды дамыту мәселесіне тоқталып, жасыл технология мен инвестицияны дамыту жөніндегі халықаралық орталықтың әлеуетін тиімді пайдалануды ұсынды.
– Біздің елдеріміз үшін аграрлық саладағы ынтымақтастық аса маңызды. Бәріміз бірлесіп аграрлық ғылымды дамытып, жаңа технологияларды енгізуіміз керек. Бұл тек ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға емес, бұдан да тығыз интеграция мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де қажет, – деді Қазақстан президенті.