Мемлекет басшысы "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесуде Мұхтар Құл-Мұхаммед елбасыға партияның 2016 жылы атқарған жұмысы жайлы есепті және алдағы жылға жоспарын таныстырды.
Сонымен қатар, жалпыұлттық күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді іске асыру шаралары, сондай-ақ елді дамытудың негізгі бағыттары туралы халыққа ақпарат тарату мәселелерін баяндады.
Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, партияның бөлімшелеріне жүгінген халықтың саны 2015 жылмен салыстырғанда 30 пайызға артқан. 2016 жылы 283 адамнан хат түскен, оның 92 пайызының мәселесі шешілген.
Сонымен бірге, партия төрағасының бірінші орынбасары партияның өңірлердегі өкілдерінің халықпен кездесуінің қорытындысы жайлы ақпарат пен партия күнделікті қызметінде қолданатын жаңа жұмыс форматын таныстырды.