Елбасы Отан қорғаушы күніне арналған әскери парадқа қатысты

977

Елбасы Отан қорғаушы күніне арналған әскери парадқа қатысты

Мемлекет басшысы "Отар" 40-шы әскери базасына келгеннен кейін оған  парадқа басшылық етуші – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Құрлық әскерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мұрат Бектанов әскери парадты өткізуге және аумақтық әскерлер құрамаларына жауынгерлік туларды тапсыру рәсіміне дайын екені жөнінде баяндады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан президенті ардагерлерге, сарбаздар мен офицерлерге арнаған сөзінде қарулы күштер қауіпсіздігіміздің басты кепілі, Отанымыздың бейбіт өмірі мен егемендігіміздің берік тірегі болып саналатынын атап өтті.

"Қазақстанның әскери қызметшілері – бүкіл дәуір мен кезеңдердің ең сұрапыл соғысында фашизмді жеңген батыр бабаларымыздың жауынгерлік ерліктері мен даңқын жалғастыратын лайықты ұрпақ. Біз олардың туған жеріміздің өркендеуі мен бейбіт өміріміз үшін жасаған жанқиярлық батырлығы мен өшпес ерлігін әрдайым жадымызда сақтаймыз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы еліміздің жүргізіп отырған дәйекті әрі бейбітсүйгіш саясатына қарамастан, Қазақстан әскері тәуелсіздігімізді күзетіп, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясында ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге табысты атсалысып жатқанын, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде маңызды бітімгершілік функцияларды лайықты атқарып отырғанын айтты.

Елбасы мемлекет тарапынан армиямызға мейлінше қолдау көрсетіліп, оның әлеуетін нығайтуға зор мән беріліп отырғанына тоқталып, Қазақстан 2030 жылға қарай заманауи, мобильді әрі жоғары кәсіби армия жасақтау жөнінде мақсат қойып отырғанын атап өтті.

"Бұл үшін 2020 жылдан бастап қорғаныс саласына қажетті қаражат бөлінетін болады. Қауіпсіздікке төнетін жаңа қауіп-қатерлермен тиімді күрес жүргізу үшін Арнайы операциялардың жоғары мобильді күштері мен Аумақтық әскерлер құрылып, қорғаныс жүйесіне біріктірілді. Жаңа бөлімдер бүгін табыс етілген жауынгерлік туларды лайықты түрде алып жүретініне сенімдімін", – деді Қазақстан президенті.

Аумақтық қорғаныс бригадаларының жауынгерлік туларын облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне тапсыру рәсімінен кейін Арнаулы операциялар күштерінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Ұлттық ұланның, Әскери-теңіз күштерінің арнаулы мақсаттағы отрядының, сондай-ақ аумақ әскерлерінің әскери қызметшілерінің шеруге қатысушы құрамдары сап түзеп өтті.

Заңсыз қарулы құрылымдардың шартты базасын жою жөніндегі тактикалық эпизодтарды орындау барысында "Точка-У" тактикалық зымырандық кешені, "Град" және "Прима" дүркін отшашу зымырандық жүйесі, МСТА-Б және Д-30 зеңбіректері, "Солнцепек" ауыр отшашу зымырандық жүйесі, "Штурм-С" танкіге қарсы зымырандық кешені және Ракета әскерлері мен артиллерияның басқа да қару түрлерінің мүмкіндіктері көрсетілді. Құрлық әскерлері және Әуе қорғанысы күштерінің әскерлері зымырандармен от шашып, бомба лақтырды, сондай-ақ барлық қару түрінен оқ атты. Әскери-әуе күштерінің майдандық және армиялық авиациясының ұшақтары мен тікұшақтары аспанда әуе ұрысын жүргізді. "Жетісу Барысы" ұшқыштар тобы жоғары пилотаждық шеберлігін көрсетті.

Әскери парадқа 3 мыңға жуық әскери қызметші қатысып, 300 әскери техника мен қару-жарақ және 40 ұшу аппараты жұмылдырылды.

Соңында мемлекет басшысы әскери техника мен қару-жарақтың заманауи үлгілерімен танысты, сондай-ақ дала жағдайындағы ұрыста көрсеткен шеберліктері, оқ ату кезіндегі мергендіктері және жауынгерлік дайындықтары үшін парадқа қатысушылардың барлығына алғыс білдірді.

"Әскери парад сіздердің жауынгерлік шеберлік деңгейлеріңіздің және дала жағдайына жаттыққандарыңыздың шынайы көрінісі болды. Парад Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік дайындығы мен кәсібилік деңгейінің одан әрі артуына септігін тигізеді деп сенемін. Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен және алда келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтаймын", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу