Бүгінде дүниежүзі қазақтарының кеңсесін Алматыдан Астанаға көшіретін уақыт келді. Бұл туралы елбасы бүгінгі өтіп жатқан құрылтайда хабарлады, деп жазады strategy2050.kz.
"Бүгінде дүниежүзі қазақтарының кеңсесін Алматыдан Астанаға көшіретін уақыт келді, сонда олар мемлекет басшылығының жанында болады", - деп атап өтті мемлекет басшысы.
Бұдан басқа, президент құруды тапсырған жаңа "Отандастар" қоры дүниежүзі қазақтары кеңсесімен бірлесіп отандастарымызға жан-жақты қолдау көрсету шараларын анықтап, сәйкесінше кешенді бағдарлама жасақтауы қажет.
"Онда қазақтарды көшіру және шетелдегі қандастарымызбен қарым-қатынас орнату бойынша барлық мәселелер қамтылуы керек. Бағдарламаның басымдықтары мен міндеттері қор арқылы жүзеге асырылады. Өз отанын сүйетін әр қазақ үшін Қазақстанның есігі айқара ашық. Көшу үшін ешқандай тосқауылдар жоқ. Егер тарихи отанға көшуге құлшыныс болса, онда біз барлық жағдайды жасауымыз керек. Бірінші кезекте тұрғылықты жерден бастау керек. Азаматтардың құжатын рәсімдей отырып, елшіліктегілер әр аймақ бойынша түсініктеме беруі тиіс. Бұл жұмысты ҚР СІМ жүктеймін. Құжатты рәсімдеумен ешқандай мәселе туындамауы керек", - деді Н.Назарбаев.
Сонымен қатар, құрылтай барысында президент шетелдегі танымал қазақтардың электронды базасын жасақтауды тапсырды.