Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасының "Ел-жұрт құрметі" орденімен марапатталды. Орденді елбасының Ташкентке мемлекеттік сапарында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев табыстады.
Ташкенттегі шағын және кеңейтілген құрамдағы келісөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Өзбекстан басшысы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты "Ел-жұрт құрметі" орденімен марапаттау туралы арнайы Жарлыққа кеше қол қойғанын айтты. Аталған Жарлықта Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлемдік ауқымдағы көрнекті мемлекет және саяси қайраткер екендігі және оның көреген басшылығының арқасында әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алған және бүгінде қарқынды, демократиялық жолмен дамып, қуатты нарықтық экономика мен ашық қоғам құрған тәуеліз Қазақстан Республикасының негізі қаланғаны айтылған.
"Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке зор үлесінің арқасында бауырлас өзбек пен қазақ халықтарының арасында достық пен ынтымақтастықтың мығым көпірінің негізі қаланды. Осының негізінде қазіргі уақытта елдер арасында өзара тиімді әрі жемісті байланыстар даму үстінде. Бауырлас екі ел дәстүрлі достық пен стратегиялық серіктестікті тереңдету, кеңейту, сонымен қатар бейбітшілік үшін әлемдік қоғамдастықты нығайтудағы ұлы еңбегіне орай Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Ел-жұрт құрметі" орденімен марапатталсын!", делінген Жарлықта.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанның бұл құрметі өзі үшін ерекше "тосын сый" болғанын атап өтті. "Мен өмірімде әлемнің көптеген мемлекеттерінен, өз елімнен көп марапат алған адаммын. Бірақ бұл марапат маған барлығынан да аса құрметті, қымбат. Себебі көрші, бір туған елдің құрметіне бөлену ол басқа. Білмейтін, алыстағы елдікі саяси. Сондықтан мен өте жоғары бағалаймын. Ойламаған жерден тосын сый жасадыңыз. Өзбек халқы қуанса, Қазақстан халқы да қуанамыз. Өзбек халқында, Құдай сақтасын, қиыншылық болса, біз әр уақытта біргеміз. Сіздердің қастарыңыздан табылатын боламыз. Солай болуымыз керек. Солай болсақ қана тәуелсіздігімізді сақтап, ел болып, аман қаламыз", - деді Нұрсұлтан Назарбаев марапаттау рәсімінде. Сонымен қатар Елбасы бүгінгі шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында көп мәселе шешілгендігін атап өтті. "Алдымызға тағы да мақсаттар қойдық. Соның барлығына жетуге Алла жазсын. Өзбек халқына басымды иіп, рахметімді айтамын. Біздің сіздер дегенде көңіліміз ақ, жүрегіміз адал. Солай бірге жұмыс істейміз", деді Қазақстан президенті.