Елбасы ШЫҰ мүше елдердің өкілдерін қабылдады

682

Елбасы ШЫҰ мүше елдердің өкілдерін қабылдады

Президент Астанаға Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының 12-кездесуіне келген делегация жетекшілерін қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Нұрсұлтан Назарбаев кездесуге қатысушыларды құттықтап, бұл іс-шараның биыл маусымда Астанада болатын Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті қарсаңында өтуінің маңыздылығына тоқталды.

"Біз Сан-Петербордағы оқиғаға байланысты бүкіл Ресей халқына көңіл айтамыз. Бұл терроризм мен экстремизмнің шекара дегенді білмейтінін көрсетеді, сын-қатер мен қауіп азаймай тұр. Осыған байланысты мемлекеттер басшылары Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының қызметіне ерекше мән беріп отыр", – дейді мемлекет басшысы.

Президент Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі ынтымақтастық тетіктері мен нормативті құқықтық базасын нығайту ісінің маңыздылығына қатысушылар назарын аударды.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдердің экономикалық және саяси байланыстарды нығайту жолында атқарған жұмысына оң баға берді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ұйым алдында тұрған міндеттерге ерекше тоқталды.

"Бұл – қатысушы елдердің барлық бағытта келісілген іс-қимылы. Қазіргі уақытта Шанхай ынтымақтастық ұйымының экстремизмге қарсы әрекет ету жөніндегі конвенция мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық терроризмге қарсы бірлескен іс-қимыл жөніндегі мәлімдемесі қаралып жатыр. Бұл құжаттарды қысқа мерзімде мақұлдау қажет", – дейді президент.

Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанадағы саммитінде Үндістан мен Пәкістанды ұйымның толыққанды мүшесі ретінде қабылдау жоспарланып отырғанын және оның Азиядағы ынтымақтастықты нығайтуға қосымша тың серпін беретінін айтты.

"Шанхай ынтымақтастық ұйымының Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты халықаралық және өңірлік құрылымдармен ынтымақтастығы аясын кеңейту қажет. Бұл осы ұйымды одан әрі дамытуға ықпал етеді деп ойлаймыз", – деді президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып отырғанын айтты. Мәселен Сириядағы дағдарысты саяси реттеу ісіне күш-жігер жұмсалып жатқаны айтылады.

Кездесуге Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстанның Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары – В.Жұмақанов, Т.Джумакадыров, Н.Патрушев, А.Кахаров, Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрі – Мемлекеттік кеңес мүшесі Го Шэнкунь, Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Р.Алимов, Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік антитеррорлық құрылымы атқарушы комитетінің директоры Е.Сысоев қатысты.

Қауіпсіздік кеңестерінің Астанадағы іс-шарасы Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы аясында өткізіледі. Ол Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының биылғы маусымға жоспарланған кеңесіне дайындықтың маңызды кезеңі саналады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу