Елбасы Теміртау қаласының экологиялық жағдайын қозғады

1173

Қазақстан президенті Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановты қабылдады.

Елбасы Теміртау қаласының экологиялық жағдайын қозғады

Кездесу барысында мемлекет басшысына 2018 жылдың қорытындысы бойынша облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен дамудың алдағы перспективалары жөнінде баяндалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Нұрсұлтан Назарбаев осы өңірдің маңызы зор екенін атап өтіп, газбен қамту мәселесіне, сондай-ақ Теміртау қаласының экологиялық жағдайына айрықша тоқталды.

Облыс әкімі елбасыға Жолдауда айтылған тапсырмаларды іске асыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді.

"Сіздің еңбекақы мөлшерін көтеру жөніндегі бастамаңызды облыстағы барлық ұйымдар қолдады. Бұл биылғы 1 қаңтардан бастап 220 мыңнан астам жұмысшының жалақысын 14 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, негізгі коммуналдық қызметтерге қатысты тарифтер 5-11 пайызға төмендейтін болады", – деді Ерлан Қошанов.

Соңында елбасы өңірді одан әрі өркендету, соның ішінде Қарағанды қаласының құрылысына қатысты мәселелер жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу