Елбасы Түймебаевты қабылдады

1367

Елбасына Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына дайындық барысы баяндалды

Елбасы Түймебаевты қабылдады

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевты қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі elbasy.kz сілтеме жасап

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан халқы Ассамблеясының қазіргі қызметі мен жұмыс жоспарлары жайлы ақпарат берілді.

Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық мүшелеріне мемлекеттің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

"Қазақстан – полиэтникалық мемлекет. Бұл тарихи қалыптасқан дүние. Тәуелсіздік алғаннан бері біздің көпұлтты халқымыз бейбітшілік пен өзара түсіністікте өмір сүріп, мемлекетіміздің өркендеуіне белсенді атсалысып жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің барлық этностарын біріктіреді. Мен Ассамблеяға және бүкіл Қазақстан халқына осы жылдар ішінде саясатымды қолдағаны және біздің елімізді нығайтқаны үшін өте ризамын", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Президенті өңірлерде ҚХА жұмысының тиімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

"Мен Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы ретінде жұмысқа белсенді қатысуға, барлық істерде Ассамблеяны қолдауға және оның жұмысын жергілікті жерлерде күшейтуге ниеттімін. Қазақстан халқы Ассамблеясына қоғам өміріне белсенді түрде араласуды әрі қарай жалғастыру маңызды", – деді Елбасы.

Өз кезегінде Ж.Түймебаев елдегі ұлтаралық келісімді нығайту бойынша іс-шаралардың орындалу барысы және Қазақстан халқы Ассамблеясының гуманитарлық акциясы аясында қабылданған шаралар жөнінде баяндады.

Сондай-ақ, Елбасына 2020 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына дайындық барысы туралы мәлімет ұсынылды.

Кездесу соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы бірқатар нақты тапсырма берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу