Елбасы Түркі кеңесінің VI саммитінде АХҚО мүмкіндігін бірлесе пайдалануға шақырды

1448

Сондай-ақ, Түркі кеңесінің жанынан "Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім", "Түркі әлемінің киелі жерлері" арнайы жобаларын әзірлеуді ұсынды.

Елбасы Түркі кеңесінің VI саммитінде АХҚО мүмкіндігін бірлесе пайдалануға шақырды Фото: akorda.kz

Қазақстан президенті Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VI саммитіне қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Саммитті ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбековке дәстүрлі қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, саммитке Өзбекстан  Республикасының президенті Шавкат Мирзиёев пен Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның қатысып отырғанын ерекше атап өтті.

Қазақстан президенті Түркі кеңесі аясындағы ынтымақтастық күш-жігерді жұмылдырып, өзара даму үшін елдеріміздің одан әрі өркендеуіне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретінін айтты.

"Астана халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін бірлесе пайдалануымыз керек. Онда қаржы құралдарын дамытуға, капиталды шоғырландыруға және танымал инвесторлар мен қаржы эксперттерін тартуға барлық жағдай жасалған. Осыған орай, елдеріңізді қаржы орталығының жұмысына белсене қатысуға шақырамын", – деді мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды тереңдетудің маңыздылығын атап өтіп, елдердің транзиттік әлеуетін пайдаланудың басымдықтарына тоқталды.

"Біздің елдеріміз құрлықтың ортасында Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасын жалғастырып жатыр. Ақтауда қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенция өңіріміздің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға септігін тигізеді. Сондықтан, Түркі кеңесі көлік және теңіз әкімшілігі министрлерінің кездесуі аясында тариф саясаты мен әкімшілік тәртіптерді жеңілдету жөніндегі жұмыстарды белсенді жүргізуі керек", – деді Қазақстан президенті.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасының жүзеге асырылуына орай Мемлекет басшысы түркі халықтарының рухани жаңғыру мәселесіне тоқталып, осы елдердің қасиетті орындарын көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа лайықты мұра етіп қалдыру үшін Түркі кеңесінің жанынан "Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім", "Түркі әлемінің киелі жерлері" арнайы  жобаларын әзірлеуді ұсынды.

Сонымен қатар, Қазақстан президенті Түркі кеңесінің басқарушы органдарының қызметін оңтайландырып, тиімділігін арттыру мәселелеріне арнайы тоқталды.

Жиын соңында мемлекет басшысы қырғыз тарапын Түркі кеңесіне төрағалығының басталуымен тағы да құттықтап, табыс тіледі.

Мемлекеттер басшылары саммиттің қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу